Алаңшалар аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жастар игілігіне ақысыз жұмыс жасайды.
Түркістанда тұңғыш рет «TURKISTAN – JASTAR FEST!» атты жазғы фестивалі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай және жазғы маусымда жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған фестивальге келушілер көп болды.
Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырған шара White party форматында өтті.
Сонымен қатар, арнайы алаңшалар ашылып, Street Ball, Street Workout, Football Freestyle, Graffity, BMХ, Tricking cияқты көше мәдениетіне сәйкес спорт түрлерін дамытуға ықпал етуге арналған нысандар пайдалануға берілді.
Бұл алаңшалар аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жастар игілігіне ақысыз жұмыс жасайды. Оған қоса, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойын түрлерінен мастер класстар ұйымдастырылатын болады.
Салтанатты шарада жастардың түрлі бағыттар бойынша көрсетілімдері өтті. Сурет салып, спорттық өнерлерін көрсетті.
Жастар «SIMPLE SYSTEM» брэйк-клуб командасының арнайы билерін және BEAT BOX орындаушыларының сүймелдеуінде рэперлер мен айтыскер ақындар арасында «RAP battle» қазақша РЭП VS АЙТЫС өтті. «Жұлдызды КАРАОКЕге» қатысып, ән шырқады. Көрермендер арасында биден жарыс өтті. Кеш барысында қазақ эстрадасының жас жұлдыздары Түркістан аспанын әсем әнге бөледі.
Іс-шара соңында көпшілік мерекелік отшашуды тамашалады.