ТҮРКІСТАН: Түркияның атақты компаниясымен келіссөз жүргізілді

0
337

Мақсат – инвестиция тарту.


ТҮРКІСТАН: Түркияның атақты компаниясымен келіссөз жүргізілді

Түркістанға инвестиция тарту бойынша Түркияның атақты компаниясымен келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның атақты «Alarko Holding» компаниясының өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, «ALSERA KZ» ЖШС-нің директоры Гюнай Гокалппен кездесіп, әріптестік орнату, инвестиция тарту жөнінде келіссөз жүргізді. Нарықта 30 жылдық тәжірибесі бар компания Сайрам ауданында 100 га аумаққа заманауи жылыжай кешенін салып, қызанақ егетін болды.


Келешекте Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында және оңтүстік аудандарда жылыжай ауқымын арттыруды жоспарлайды. Сондай-ақ экзотикалық көкөніс түрлерін өсіруді көздейді. Нәтижесінде Түркістан облысында жылыжай көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыс әкімі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетін айтты.


«Бүгін бізге бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр. Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті өте жоғары. 5 жылдан астам уақытта өңірге шамамен 6,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Біздің аймақтың климаты жыл бойы егіншілікпен айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде еліміз бойынша мақтаның 100 пайызы, бақша дақылдарының 74,1 пайызы өсіріледі. Сонымен бірге 316,8 мың тонна жеміс, 1168,9 мың тонна көкөніс, 247,1 мың тонна ет өнімдері өнімдері өндіріледі. Жылыжайдың 70 пайыздан астамы Түркістан облысында орналасқан. Біздің өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар және «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Дайын инфрақұрылыммен, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктермен, өнеркәсіптік ғимараттармен қамтимыз. Біздің өңірдің артықшылықтарын ескере отырып, сіздің компанияңыз үшін тұрақты өсу және бизнесті кеңейту мүмкіндігін ұсынғымыз келеді. Түркістан облысының әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деген Дархан Сатыбалды бауырлас Түркия елімен бірге Түркістанда ауқымды жобалар жүзеге асқанын да атап өтті.


Гюнай Гокалп Қазақстанның әлеуеті жоғары екеніне тоқталып, ұтымды ұсыныстар бойынша әріптестік орнатуды қарастыратынын жеткізді. Өңірдің мүмкіндіктерімен танысуға мүдделі екенін айтты.


Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


«Alarko Holding» – көлік, мұнай-газ секторы, энергетика, өнеркәсіп, туризм, жерге орналастыру саласындағы жобаларды инвестициялайтын және іске асыратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Сонымен қатар өткен жылы бұл холдинг инвестициялаудың жаңа бағытына, атап айтқанда ауыл шаруашылығы жобаларына да бет бұрды.


Корпоративтік даму шеңберінде 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы мен азық-түлік секторына инвестиция салмақ. Ең алдымен жылыжай шаруашылығына, минералды тыңайтқыштарға, азық-түлікті өңдеуге және сатуға, сондай-ақ ауылшаруашылық технологияларына назар аударуда. 2023 жылдың мамырында «Alarko Holding» Түркияда жылыжай алаңдарын бөлу жұмысы басталғанын жариялады. 2028 жылға қарай компания шамамен 5 000 000 м2 жылыжайда 300 000 тонна көкөніс пен жеміс өндіруді жоспарлап отыр.