ТҮРКІСТАН: Үй кезегіне тұра алмай жүрген қызметшінің мәселесі шешілді

0
385

Кемшілікке жол берген ұйымның қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


ТҮРКІСТАН: Үй кезегіне тұра алмай жүрген қызметшінің мәселесі шешілді

Түркістандық қызметші тұрғын үй кезегіне тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып саналады.


Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты қызмет алушылардан 100-ден астам астам өтініш келіп түскен.


Олардың басым көпшілігі жер қатынастары, тұрғын үй және әлеуметтік салаларға қатысты түскен болатын.


Кез келген шағымды Департамент қызметкерлері толық зерделеп, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңмен көзделген бақылау шараларын жүргізеді.


Мәселен, Департаментке Түркістан қаласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшінің тұрғын-үй кезегіне тұра алмай жүргендігі жайлы өтініші түсті.


Аталған өтінішке сәйкес, өтініш иесі мемлекеттік тұрғын үйге кезегіне тұру бойынша қызмет көрсетуші ұйымға өтініштер жолдап, кезекке қоюдан бас тарту алған.


Ал, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабында:

«Мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар тұрғын үй беру есебіне алынады» - делінген.


Департаменттің зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, азаматты тұрғын үй кезегіне қоюдан негізсіз бас тарту фактісі анықталып, кемшілікке жол берген ұйымның қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Нәтижесінде, көрсетілетін қызметті алушының құқықтары толығымен қалпына келтірілді және заңға сәйкес тұрғын үй кезегіне қойылды.


Естеріңізге сала кетейік, Сізге мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан және заңды құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Сіз Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне Түркістан қаласы, Жаңа қала ықщам ауданы 32 көше 16 ғимарат мекен-жайы бойынша немесе 8 (725 33) 5-94-72 нөмірі бойынша, сондай-ақ «Sapaly qyzmet» телеграмм боты арқылы хабарлама қалдыруыңызға болады.


Гүлнұр ЕДІЛҚЫЗЫ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы