17 облыс, қаладан 200-ге жуық велошабандоз қатысып, өзара сайысқа түседі.
Велошабандоздар арасында Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда наурыз айының 24-29 күндері аралығында велоспорттан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатын өткізу жоспарланған. Түркістан өңірінің юниорлары да 25-120 км қашықтықта өтетін велосайыста бақ сынайды.
ҚР Велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов өткен жылдың есептік жиынында 2025 жылғы чемпионатты Түркістан облысында өткізу жоспарланғанын айтып, арнайы өткізу құқығын ресми түрде Түркістан облыстық федерация президенті Алмасхан Жамбаевқа тапсырған-ды. Сондай-ақ, жиында Түркістанның жолдары мен табиғаты велосипед спорты үшін ыңғайлы екені айтылды.
Жалпы чемпионатқа еліміз бойынша 17 облыс, қаладан 200-ге жуық велошабандоз қатысып, өзара сайысқа түседі. Бұл жарыс велоспорттың Түркістан облысындағы мүмкіндігін танытып, ішкі туризмді дамытуға септігін тигізбек. Бүгінде Мемлекет басшысы қол қойған Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңы аясында да бұл іс-шараға облыстар арасында қызығушылық артқан. Жалпы келушілер сайыстан бөлек, Түркістанның туристік мүмкіндігімен танысуға ниетті.