ТҮРКІСТАН: Ветеринария саласы қарқынды дамып жатыр

0
1 213

Ветеринар мамандардың жаңа формасы таныстырылып, құрал-жабдықтар көрмесі ұсынылды.


ТҮРКІСТАН: Ветеринария саласы қарқынды дамып жатыр

QR-код арқылы ветеринар жұмысын бағалауға болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданында «Ветеринария саласын жетілдіру – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі» атты ветеринариялық семинар-кеңес өтті. Кеңесте жануарлардағы ауру түрлерінің алдын-алу мен тиімді күресудің жолдары талқыланды. Сонымен қатар ветеринар мамандардың жаңа формасы таныстырылып, құрал-жабдықтар көрмесі ұсынылды.


Семинарда ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау сынды маңызды тақырыптар талқыланды.


Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Алтынбек Үркінбаев, Ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай және ветеринария ғылымдарының докторлары мен осы саланың мамандары қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары ветеринария саласының рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, экономикалық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті.


«ҚР Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласын да жетілдіруге үлкен мән беріп, Үкіметке жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Жолдау аясында ветеринария саласын жетілдіру үшін республикамызда алғашқы болып пилоттық жобада облыстан орталықтандырылған «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК құру бойынша облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бұл аудан, қалалардағы 17 бірлік «Ветеринариялық қызмет» МКК-н оңтайлы басқару және жүйелі ұйымдастыру мен бақылау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Биыл ветеринариялық қызметкерлерінің жылдық жалақы қоры мен іс-шараларды атқаруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 4 389,2 млн. теңге бөлінсе, Мемлекет басшысының ветеринария саласын жетілдіру, ветеринар мамандардың еңбекақысын ұлғайту тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен қосымша 1 514,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде ветеринариялық мамандардың жалақысы 35-50 % көтерілді. Бүгінгі таңда, аталмыш кәсіпорынның техникалық базасын нығайту мақсатында, 2024 жылға бюджеттік өтінім ұысынылды, бюджеттік комиссияда қолдау тапқан жағдайда, қажетті техникалармен жаңартылатын болады», – деді ол.


Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста эпизоотиялық ахуал тұрақты. Ауыл шаруашылығы жануарлардың аса қауіпті 16 түрлі ауруына 30,3 млн. доза вакцина жоспарланған. Жоспарға сәйкес, 10 айда 22 млн. доза вакциналар егілді. Облысымызда 6 808,0 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары еспке алынды. Оның ішінде, 1 180,9 мың бас ірі қара, 5 127,4 мың бас ұсақ мал, 456,6 мың бас жылқы, 41,5 мың бас түйе, 1,5 мың бас шошқа және 230,9 мың бас ит, мысық. Энзоотиялық іс-шаралар екі кезеңде жүргізіледі. Екі кезеңде 3 056,6 мың бас ірі малдар бүркіліп, 9 773,6 мың бас ұсақ малдар тоғытылды, 74 156,8 мың ш/м қоражайлар мен жапсарлас аумағы және 29 186,3 мың ш/м мал иірімдері мен суаттар залдасыздандырылды.