Заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Елімізде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл шілде айынан бастап, елімізде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енеді. Заңгерлердің мәлімдеуінше, жаңа кодексте сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады. Осылайша іске төрағалық етуші судьяның азаматтың талап-арызын түзетуге, оған құқықтық жағынан қолдау көрсетуге мүмкіндігі болады, яғни әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.
«Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр, яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын. Жаңа кодексте татуластыру рәсімдері кеңінен қамтылған. Тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолымен аяқтауға шешімге келсе, онда келісім жазбаша түрде жасалады, оған екі тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды»,-дейді Республикалық адвокаттар алқасының, Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Келес аудандық заң консультациясының меңгерушісі, адвокат Бейсенов Артыкбай.
Оның айтуынша, судья дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі, тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады. Адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді, татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіліге жатады. Жаңа кодекс тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырған. Заңгерлер жаңа Заңның гуманитаралық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсететінін айтады.