​ТАБАНЫҢЫЗДЫҢ жағдайы ЖАҚСЫ ма? Тексеріп көріңіз

0
208

Табан – дененің іргетасы. Іргетас қисайса, бүкіл үйдің қабырғасы сөгілері анық.


​ТАБАНЫҢЫЗДЫҢ жағдайы ЖАҚСЫ ма? Тексеріп көріңіз

Сурет: cbb.ru

Табан – бойымыздағы ең күрделі әрі таңғажайып инженерлік құрылымдардың бірі.

  • Денедегі барлық сүйектің төрттен бірі осы жерде. Адам денесінде шамамен 206 сүйек болса, оның 52-сі тек екі табанымыздан табылады. Одан бөлек, табанда 33 буын бар. Ал жұмсақ тіндері лимфа тамырларымен өрілген.
  • Табанда шамамен 250 000 тер безі бар. Бұл денедегі басқа мүшелермен салыстырғанда шаршы сантиметрге шаққандағы ең көп мөлшер. Олар күніне жарты кесеге жуық тер бөліп шығара аладые
  • Сондай-ақ, табан – жүйке талшықтарының шоғыры. Онда мыңдаған жүйке ұштары бар. Сондықтан жалаң аяқ жүру мидың жұмысын белсендіріп, стрессті төмендетеді және көңіл-күйді жақсартады. Табанға массаж жасағанда, бүкіл дененің босаңситыны да осыдан.


Табандағы айқын білінетін ақаулар:

  • өкше шпорасының (сүйел тәрізді өсінді) болуы
  • жалпақтабандылық
  • бас бармақтағы сүйектің өсуі
  • шынашақтың еденге тимеуі
  • бармақтардың деформациялануы (қисаюы)

Әдетте біз мән бермейміз, бірақ мына мәселелердің де түп-тамыры табан ақауынан бастау алады:

  • азғантай жүктеменің өзінен тізенің ауыруы
  • жай серуендегенде де белдің сыздауы
  • мүйізгектенген тері мен сүйелдердің жиі пайда болуы
  • дене сымбатының бұзылуы

Демек, тізенің сырқырауы, белдің сыздауы мен сымбаттың бұзылуы да табанның көмек сұрап шыңғырған жанайқайы болуы мүмкін.

Лимфа төменнен жоғары қарай ағады. Сондықтан қан айналымы мен лимфа ағымында іркіліс болмауы және жоғарыда орналасқан мүшелерде проблема туындамауы үшін табан мен толарсақ (тобық) аймағында бәрі еркін болуы керек.


Табан саулығына жеткілікті көңіл бөлу керегін көрсететін 4 түрлі тест ұсынамыз.

1-әдіс: Саусақтарды бүгіп отыру

Дәл суреттегідей отырып көріңіз. Башпайларды тіреуіш ретінде қоданып, ішке қарай бүгу міндетті. Денесінде ешқандай кернеу мен проблемасы жоқ сау адам бұл тестте екі минуттан артық отыра алуға тиіс. Саусақтарыңыз бүгіліп тұрғанда жайсыздық сезінсеңіз, башпайларыңыз ауыра бастаса, тартылу (судорога) болса, бұл – табандағы бұзылыстың белгісі.


2-әдіс: Аяқ ұшымен көтерілу

Келесі кезекте тік тұрып, аяқтың ұшымен жоғары көтерілеміз. Алдымен екі аяқпен бірнеше рет жасауға болады. Сәл көтеріліп, қайта түсіңіз. Осы сәтте башпайларыңызды мұқит ақылаңыз. Бармақтарыңыз жиырылып (бүрісіп) қалмады ма? Жан-жаққа шашырап не қисайып кетпеді ме? Бұл жерде ештеңе сезінбегендер үшін сәл күрделірек нұсқа: бір аяғыңызды жоғары көтересіз де, екінші аяқпен бармақ ұшына көтерілесіз. Әр аяқпен 3–4 реттен қайталайсыз. Бұл жерде де бармақтарға қараймыз: олар жиырылып қалмайды ма, сонымен қатар тепе-теңдік пен тобықтың тұрақтылығына – теңселіп кетпейсіз бе, соған мән береміз. Егер башпайларыңызды басқара алмай, олар еркіңізден тыс қозғалыстар жасаса, тепе-теңдікті жоғалтсаңыз, демек, табан саулығымн мықтап айналысу керек деген сөз.


3-әдіс: Жартылай отыру

Үшінші әдісте башпайларды жартылай отыру арқылы тексереміз. Егер отыру кезінде бас бармағыңыз еденнен көтеріліп кетсе немесе саусақтарды өкшеге сүйеніп көтеруге дағдыланған болсаңыз, не болмаса отырған кезде бір немесе екі аяғыңыздағы бас бармақ қана жоғары көтеріліп кетсе, бұл да проблеманың бар екенін білдіреді.


4-әдіс: Жалаңаяқ алға қадам жасау

Суреттер ЖИ көмегімен жасалды

Соңғы тест – жалаңаяқ алға кең қадам жасау. Тік бұрышты қадам (квадратный выпад) жасап, артта тұрған аяқты жартылай бүгіп, еденге параллель ұстаудың қаншалықты ыңғайлы әлде ыңғайсыз екенін бақылаймыз. Бармақтарыңызда ауырсыну бар ма? Әлде осындай үйреншікті емес қалыпқа мүлдем қоя алмайсыз ба?

Табан – біздің денеміздің іргетасы. Егер іргетас қисайса, бүкіл үйдің қабырғасы сөгілері анық.

Бұл 4 қарапайым қозғалысқа 3 минуттан артық уақыт кетпейді, дәл қазір жасап көріңіз. Табаныңыз бен бармақтарыңыздың күйін жақсылап бақылап, бұл туралы мұқият ойланыңыз. Неғұрлым көп белгіні байқасаңыз, табанмен айналысу қажеттілігі де соғұрлым жоғары деген сөз.

Өз аяғыңызға күн сайын уақыт бөліп, жеңіл жаттығулар жасауды әдетке айналдырыңыз. Ыңғайлы аяқ киім таңдаңыз және денеңізді тыңдай біліңіз.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЯУ ЖҮЗУ, ФЛОАТИНГ: Су спортындағы жаңа фитнес-трендтер