"9 жерден пышақ сұққан": Алматыда 12 жасар бала 13 жастағы танысының қолынан қаза тапты

0
121

Марқұмның туыстары әділдік сұрайды.


Фото: threads/@017aimv

ERNUR.KZ. Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан көз жұмды. Полиция қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы жасөспірімді ұстады, деп жазады inbusiness.kz.

Threads желісінде марқұм баланың туыстары қайғылы оқиға туралы жазды.

"Кеше кешкі уақытта менің 12 жастағы жиенімді өлтіріп кетті. Оған 13 жастағы екі жасөспірім 9 жерден пышақ сұққан. Осы оқиғаның қоғамда резонанс тудыруына және кінәлілердің тиісті жазасын алуына көмектесіңіздерші. Себебі елімізде қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Баланы қайтарып ала алмаймыз, бірақ олар тек шартты жаза ала ма? Полиция бізге ешқандай ақпарат бермей отыр, тәркіленген бейнежазбаларды да көрсетпейді. Кінәлілер жазасыз қала ма деп алаңдаймыз", – делінген жазбада.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы дерекке қатысты түсініктеме берді.

"10 маусымда Алматы қаласының Түрксіб ауданында пышақ жарақатын алған 12 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен Алматы қаласының 13 жастағы тұрғыны ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан таныған. Тергеудің бастапқы деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал барысында орын алған. Қазіргі уақытта күдікті арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылды", – делінген ресми хабарламада.

Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

"Тергеу нәтижелері бойынша баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі мәселесі заңнама талаптарына сәйкес қаралатын болады", – деп хабарлады қалалық ПД.