ТҮРКІСТАН: Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қаралды

0
94

Жиынға білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, аудан және қала әкімдерінің жауапты орынбасарлары онлайн-офлайн форматта қатысты.


ТҮРКІСТАН: Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қаралды

Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бойынша мәжіліс өтті. Жиынға білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, аудан және қала әкімдерінің жауапты орынбасарлары онлайн-офлайн форматта қатысты.


Күн тәртібінде дайындықтың негізгі бағыттары, мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, жөндеу жұмыстары, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына жағдай жасау, шешуді талап ететін өзекті мәселелер қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады. Айтуынша, 2024-2025 жылдары өңірімізде «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 білім ұясының құрылысы жоспарланып, оның ішінде 13-і былтыр пайдалануға тапсырылды. Биыл қалған 16 жайлы мектеп салынып жатыр. Бұдан бөлек, Түркістан облысында 2025 жылы 41 мектеп реновация тізіміне енгізілген. Бірқатарының жөндеуі 2026 жылға өтпелі. Басқарма басшылығы өндірістік кестеден тыс қалып жатқан білім нысандары мен кемшілікке жол берген аудан, қалаларды атап өтті. Лицензия алу және материалдық-техникалық базамен қамту жайы да сөз болды. Жауапты әкім орынбасарлары бүгінгі ахуалы мен туралы түсіндірме берді. Сондай-ақ ТЖД өкілдері тарапынан өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша ақпарат ұсынылды.


– Шешілуі керек алғашқы мәселе – жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталып, ғимараттардың қолданысқа тапсырылуы. Аудан және қала әкімдіктері мұқият қадағалауға алуы тиіс. Тозығы жеткен мектептерді ретке келтірудеміз. Мектеп тапшылығын жою үшін жаңа білім ошақтары салынуда. Кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қажет қаражат қарастырылған. Бақылауға не кедергі? Жанашырлықпен қараңыздар! Өйткені осы нысандарда ауыл балалары білім алады. Ұстаздар сабақ береді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Өзім апта айын құрылыс алаңдарына барып, мердігер мекемелермен кездесіп, ескертулер беріп, тапсырмалар жүктеудемін. Сіздер де жауапкершілікпен қарап, зерделеңіздер. Сондай-ақ «Келешек мектептері» мен өзге де білім беру ұйымдарына техникалық қызметкерлерді тек Мансап орталықтары арқылы жұмысқа қабылдау бірнеше рет айтылды. Орталықта тіркелген жұмыссыз азаматтарды тарту, Д және Е санатындағы адамдарды жұмысқа қабылдау жалпы коррупциялық әрекеттердің алдын алу керек. Көтерілген барлық мәселелер облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының назарында тұр. Жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыруға шұғыл кірісіңіздер! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Жауапты тұлғалардың есептері мен ұсыныс-пікірлері де тыңдалды. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, мәселелер бақылауға алынды.

Бөлісу