ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер қаралды

0
123

Өзекті мәселелерді шешу бойынша кешенді жоспар жасауды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер қаралды

Түркістан облысында кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өзекті мәселелер сараланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өзекті мәселелер сараланды. Жауапты сала басшылары мен құқық қорғау органдарыныңжасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу шаралары туралы есебі тыңдалды.


Өңір басшысы Нұралхан Көшеров құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді, өзекті мәселелерді шешу бойынша кешенді жоспар жасауды тапсырды.


– Жұмысты білікті әдіскерлер мен педагог-психологтарды дайындаудан бастау керек. Әр білім ошағын тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Біліктілікті арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырыңыздар. Педагог-психолог мамандарының тапшылығын тез арада шешіңіздер. Колледжерде қаржыны қажетті, тапшы мамандықтарға бағыттаған жөн. Мектептер мен қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, зардаптары туралы ақпарат беріңіздер. Бұл жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдарды, ақсақалдарды тарту қажет. Қадамдық жұмыс жоспарын жасап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде орындамаған басшыларға шара көріледі, – деген аймақ басшысы жауапты тұлғаларға ай сайын талдау жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.


Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар,лудомания, буллинг, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, кездесулер, психологиялық сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылып, рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.


Жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова білім ұйымдарында жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен ведомствоаралық іс-әрекеттердің нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деректері өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін баяндады. Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдын алу жұмыстарын күшейту үшін аудан, қала әкімдіктерінің және басқармалардың қызмет тиімділігі индикаторларына жасөспірімдер арасында суицид фактілерінің үлес салмағын азайту енгізілді. Келеңсіз оқиғалардың, құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Облыста 42 қосымша білім беру мекемелерінде 28 951 оқушы қосымша біліммен қамтылса, мектептердегі үйірмелерге 417 925 оқушы қатысады.


Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, өңірде «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер үздіксіз жүргізілуде. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 2 525 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Одан бөлек, ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 77 мекеме иесі жауапкершілікке тартылды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 174 «қолайсыз отбасы» және құқықбұзушылыққа бейім 245 кәмелетке толмаған балалар полицияның есебіне алынды. Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.


Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 3 айында жасөспірімдермен жасалған қылмыстар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға төмендеген. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізіліп, психологиялық және әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізілуде.

Бөлісу