ТҮРКІСТАН: «Жасыл ел» жасағы «Таза Қазақстан» акциясына атсалысады

0
202

17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеті және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1174 тонна қоқыс шығарылды.


ТҮРКІСТАН: «Жасыл ел» жасағы «Таза Қазақстан» акциясына атсалысады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан өңірінде қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған акцияға облыс жастары мен еріктілері белсенді атсалысуда. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары басшылары мен селектор режимінде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен орталық басшыларына өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу, тұрғындардың экомәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстау бойынша түрлі тиімді жобалар жасап, тазалық шарасы аясында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік науқан емес, жыл соңына дейін жалғасатын акция. Бүгінде облыста осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көпқабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда. Сондай-ақ «Үлгілі ауыл» жобасы облыстағы үздік ауылдар қатысуға өтінім берген бірегей жоба. Бұл жоба аясында инфрақұрылымы дамыған, тазалығы тұрақты жүргізілетін ауылдар өзара бәсекеге түспек. Аталған бағыттағы жұмыстарды ары қарай жандандыру қажет», – деді Б. Тәжібаев.


Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжановтың айтуынша, акция аясында өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысты. Сондай-ақ 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеті және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1174 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 198 киелі-мекенде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жүріп, қоқыс қалдықтары шығарылса, 230 қарт кісінің үйілеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылса, «Асыл мұра» жобасы асында Түркістан облысының тарихи мәдени орталықтары мен туристік аймақтарында аптасына 1 рет 300 жастың қатысуымен квест ойындары өткізілді.


Айта кетейік, биыл Түркістан облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасына 1500 жасты қамту жоспарлануда.