"Түркістан жауһарлары" Петропавлда көрмеге қойылды

0
1 918

Көрме әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған.


Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығына арналған «Қазақстан мен Ресейде туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» тақырыбында XV форум өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Халықаралық шара аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қоры-музейінің «Түркістан жауһарлары» атты көрмесі ашылды.

Көрме әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары - ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мөрінің макеттері, Түркістан өңіріндегі қасиетті жерлер мен сәулет ескерткіштердің фотосуреттері экспозициядан орын алды.

Сондай-ақ, қазақтың атақты Тәуке, Қайып, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Кенесары сынды хандарының Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыста жазған хаттары экспозицияда көрініс тапты.

Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің Петропавл төрінде көрмені өткізудегі мақсаты — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, туристер тарту болып табылады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Қорық-музей ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24.07.2015 ж. «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы» №585 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК болып қайта құрылды.

Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қорық-музей аумағында мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 2306,383 га. Құрамында 9 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1 халықаралық, 21 республикалық, 7 жергілікті маңызға ие.

Музейлердің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 60-тан астам көрме ұйымдастырылады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді.

Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-музей 2015 жылы халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына ие болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталды.