ТҮРКІСТАН: Жетісай драма театрының 55 жылдығы аталып өтті

0
568

Мерекелік кеш Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасы премьерасының қойылымымен қорытындыланды.


ТҮРКІСТАН: Жетісай драма театрының 55 жылдығы аталып өтті

Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына 55 жыл толды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына 55 жыл толуына орай «Жетісай театрына – 55 жыл» атты мерекелік кеші өтті. Кешке еліміздің өнер жұлдыздары мен облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков қатысты.


«Тарихи тамыры тереңнен басталатын театр бүгінде танылып, өз орнын қалыптастырып үлгерген рухани қара шаңырақ. Сондай-ақ бірлігі жарасқан ұжым бүгінде биіктерді бағындырып келеді. Бұл бағытта әрбіріңіздің сіңіріп жатқан еңбегіңіз орасан. Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасымен 1968 жылы ашылған өнер ордасы шалғайда орналасқан, облыстық деңгейдегі бірден бір театр. Содан бері 250-ге жуық түрлі жанрдағы қойылымды сахналады», – деген Әділ Нұржанұлы театр ұжымын атаулы күнмен құттықтады.


Мерейлі шара басында ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтың ескерткішіне гүл қою рәсімі және театрдың 55 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Концерттік бағдарламамен жалғасқан театр мерейтойына Қазақстанның мәдениет және өнер жұлдыздары – Алмахан Кенжебекова, Кендебай Темірбайұлы, Жүсіп Ақшора, Әділ Ахметов, Жұлдыз Абдукаримова, Ғалымжан Қаппаров, Ерлан Кәрібаев, Асан Пердешов, Шағуан Умбеткалиев, Дархан Сулейменов және Нұржан Құлшынбаев қатысты.


Мерекелік кеш Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасы премьерасының қойылымымен қорытындыланды.