ТҮРКІСТАН: Жетісайда 90 отбасыға баспана кілті табысталды

0
859

Ата Заң – тұтас халқымыздың жарқын істерінің қайнар бастауына айналды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 90 отбасыға баспана кілті табысталды

Жетісайда Конституция күніне орай 90 отбасыға баспана кілті табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында Конституция күні мерекесі қарсаңында тағы 90 отбасы баспаналы болып, үздік қызметкерлер марапатталды.


Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басып, қарқынды дамып келеді. Ата Заң – тұтас халқымыздың жарқын істерінің қайнар бастауына айналды.


Аталған шараға аудан әкімі Серік Мамытов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.


«Біз Ата Заңымызды құрметтеу арқылы Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз» - деді аудан басшысы.


Мерекелік шара барысында аудан басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сату құқығынсыз берілетін 90 тұрғын үйдің кілтін табыстады.


Өткен жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаралған 862 млн 331 мың теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік 90 тұрғын үй сатып алынған болатын. Биылғы жылы мемлекеттен бөлінген 1 млрд 404 млн теңгеге жаңадан салынған тағы 90 үйді сатып алу жоспарланып отыр.


Тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамуының қайнар бастауына айналған «Ата Заң» мерекесінің 29 жылдығында аудан әкімі Серік Мамытов елдің әдеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарды да алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сый-сияпат жасалды.


Айтулы мерекеде аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Жетісай аспанын күймен көмкеріп, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.