ТҮРКІСТАН: Жетісайда агросекторды дамыту жолдары қаралды

0
574

Ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтты.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда агросекторды дамыту жолдары қаралды

Жетісайда агросектор саласын дамыту жолдары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Жетісай ауданында 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,9 мың гектарына мақта шикізаты, 19,7 мың гектарына бақша, 3,4 мың гектарына көкөніс, 11,1 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілген.


Бүгінгі таңда бақша, көкөніс, жеміс-жидек және жүзім дақылдары мен мал азықтық дақылдарын жинау науқаны қарқынды жүргізіліп, ерте егілген көкөніс дақылдарынан 45,8 мың тонна, бақша дақылынан 15,2 мың тонна, оның ішінде 9,1 мың тонна қарбыз бен 6,1 тонна қауын, жеміс-жидек және жүзім дақылынан 4,6 мың тонна, картоп дақылынан 3,8 мың тонна, жоңышқа дақылынан 25,0 мың тонна өнім алынып отыр.


Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Темір Базарбайұлы мен Нұрсұлтан Төленұлының ауданға жасаған іссапары барысында Абай ауылдық округінде болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, ауданды дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылатын жоспарлар, аймақтың биылғы жылғы жиын-терімге дайындығы, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының басқа да өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.


Жергілікті шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі, ағын су тарифінің қымбаттылығы, жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары елеулі мәселе екендігін алға тартты.


Жиын соңында көтерілген әрбір мәселелер бойынша мәжілісмендер елордаға барған соң алдағы парламент сессиясының күн тәртібіне енгізіп мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтындықтарын жеткізді. Ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтты.