ТҮРКІСТАН: Жетісайда «hand-made» кәсібі дамып жатыр

0
1 080

«Hand-made» дегеніміз – қолдан бұйымдар жасау.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда «hand-made» кәсібі дамып жатыр

Жетісайлық жас ана «Hand-made» өнерін дамытып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде еліміздегі кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі артып келеді. Солардың бірі – Жетісай ауданы, Асықата кентінің тұрғыны Мадина Дәуренбек. Іскер жас ана «Handmade» өнерін дамытып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Айта кетсек, «Hand-made» бағыты дегеніміз – қолдан бұйымдар жасау.


Қолдан жарықшамдар жасайтын Мәдина осы саланың барлық қиындығын көрген деп айтуға болады. Ата-енесінің бабын тауып, жұбайының жағдайын жасап жүріп те, отбасына қолғабыс етіп келеді. Ол электр қуаты арқылы жарқырайтын гүлдермен көмкерілген шамдарды әзірлейді. Күніне 50 данаға дейін жарықшамдар жасайды.


«Жамбыл облысының тумасымын. 19 жасымда осында тұрмысқа шықтым. Бала кезден қол өнерге икемім болды. Осы заттарды жасауды ғаламтордан лезде үйреніп алдым. Керекті шикізатты көрші Ресейден алдырамын. Менің негізгі тұтынушыларым – Маңғыстау, Алматы, Қызылорда облысының тұрғындары. Жасаған заттарымды автобус арқылы жөнелтіп отырамын. Құдайға шүкір, жасаған бұйымдарыма осы уақытқа дейін ешқандай шағым болмаған. Менің алаңсыз жұмыс істеуіме мүмкіндік берген ата-енеме, жолдасыма рақметімді айтамын. Отағасымен бірлесіп, еңбегімізден түскен пайдаға жаңа үй салып алдық. Тынымсыз еңбек етсең, жақсы өмір сүруге ешқандай кедергілер болмайды дейді», – Мадина Алтайқызы.


Сондай-ақ, кәсіпкер Мадина ғаламтор арқылы білгенімен бөлісіп, сабақ та өтеді. Қолдан жасаған заттарына жарнаманы «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы жүзеге асырып келеді. Өмірлік серігі Мұсағали да жұбайына көмек көрсетіп, дизайндарын жасап беріп отырады. Бұл бақытты отбасы құрақ көрпе жасап, жастықтар тігіп, қыз жасауын да дайындайды.