ТҮРКІСТАН: Жетісайда көпбалалы ана мемлекеттік қолдаумен кәсібін кеңейтіп отыр

0
1 682

Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505 мың теңгеге қол жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда көпбалалы ана мемлекеттік қолдаумен кәсібін кеңейтіп отыр

Жетісайда көпбалалы ана мемлекеттен грант алып, кәсібін кеңейтіп отыр деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округі Әбибулла ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Жансейітова бүгінде кәсібін кеңейтіп, мемлекеттік қолдауының шарапатын көріп отырған жан.
Осыдан 7 жыл бұрын тігіншілікті кәсіп еткен Айгүл 2018-жылы кәсіпкерлік курстарын 3 ай оқып, арнайы сертификатын алған. Қолына куәлік тиген соң оны тиімді пайдалану мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырады. Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен Айгүлдің құжаттары мақұлданады. Осылайша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505 мың теңгеге бір аптада қол жеткізеді. Шілдеде қолға тиген қаржыны тиімді пайдаланып, Шымкент қаласынан әрбірі 185 мың теңге тұратын тігін машиналарының 3 данасын алып келді. Бүгінде орталық базардағы шағын тігін цехын кеңейтіп, өзінен бөлек тағы 4 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтыған. Орташа айлықтары 60 мыңның жобасында.
«Мемлекеттік қолдаудың арқасында көптеген азаматтар кәсіптерін кеңейтіп, жұмыстарын жандандырып отыр. Мен де оқыдым, сертификат алдым, көп өтпей қаржыға да қол жеткіздім. Ешқандай қиындық та, кедергі де болмады. Соның нәтижесінде бүгінде 4 азаматшаны тұрақты жұмыспен қамтып отырмын»,- дейді тігін цехының басшысы Айгүл Жансейітова.
Көпбалалы кәсіпкердің айтуынша мемлекет тағы да қаржы жағынан қолдау көрсетсе кәсібін ары қарай кеңейтуге дайын.
Айта кетейік, «Айгүл» тігін цехының тігіншілері киімдерді өңдеп, қысқартып қана қоймай тапсырыс бойынша да тігеді. Дизайн мен еңбек ақы тапсырыс берушінің таңдауына қарай жүргізіледі.
Шағын цехтың басшысының айтуынша мұнда тігіншілікке қызығушылық танытып, үйренемін деушілерге де қосымша оқу курстары өткізіледі екен.