Алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд. теңгеге көп болған.
2025 жылы Жетісай ауданындағы жалпы өңірлік өнім көлемі жоспардағыдан да асып түсіп, 267,2 млрд. теңгені құраған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағы халық саны едәуір көп әрі экономикасы жылдан жылға өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі – Жетісай ауданы. Мұндағы жер емген шаруалар бүгінде заман талабына сай технологиялар арқылы өнімін арттырып жатса, іскер азаматтар жаңа кәсіпорындардың санын көбейтіп келеді. Аудан аумағынан өндіріс орнын салуға ниетті инвесторлардың да қарасы көп. Сәйкесінше, 2025 жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі жоспардағыдан да асып түсіп, 267,2 млрд. теңгені құраған. Яғни көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд. теңгеге көп болған. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте аудан әкімі Серік Мамытов айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі – 24,6 млрд. теңгеге және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 119,4 млрд. теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған. Ал, құрылыс саласында 22,4 млрд. теңгенің жұмыстары жүргізіліп, сауда айналымы 100,6 млрд. теңгені құраған. Аудан қазынасына 12,3 млрд. теңге түссе, өңдеу өнеркәсiбі өнiмінің көлемi – 19,4 млрд. теңгеге жеткен. Негізгі капиталға 46,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 118,4%-ды құрапты.
«Инвесторлар тарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы құны 6,6 млрд. теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 288 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда аудан аумағында 12 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Аудан кәсіпкерлеріне мүмкіншілік жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер бөлініп «Жетісай» индустриялық аймағы құрылды және инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылды. Аталған аймақтағы «Мақта өңдеу зауытын» ақпан айының үшінші онкүндігінде, «Су үнемдеу жабдықтарын өндіру» зауытын наурыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Асықата кентінен 5 гектар жер резервке алынып, өндірістік парк құрылды. Бүгінгі таңда мұнда 5 ғимараттың құрылысы аяқталып, инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бұл жерде жем, жиһаз, құрғақ құрылыс қоспалары, тұрмыстық жуғыш заттар, майлық және әжетқана қағазын өндіру цехтары ашылатын болады. Аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалық қызмет атқарып жатыр. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге дақыл егілді. Өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық бір жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. Ерте егілген көкөністің орнына маш, дәндік жүгері мен мақта дақылын екті. Ауданда 783 канал мен 217 қашыртқы бар. Былтыр 250 шақырым канал мен 158 шақырым қашыртқы механикалық тазалаудан өткізілді. Бұдан бөлек ауданда Ислам даму банкі арқылы 210 дана тік дренажды ұңғымалардың құрылысы жүруде, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылы 5 646 гектар алқапқа тамшылатып суғару технологиясы ендірілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Қазіргі таңда «KAZ-KIOTI», «Аltyn Kun Group», «NOSER», «BNK GROUP» компанияларымен жұмыс жүргізілуде. Былтыр ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бағытында мемлекеттік қолдаулар арқылы 215 дана жаңа техника сатып алынды. Мақталы ауылдық округінде машина техникалық станция ашылып, мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдаулар көрсетілді», - деді Серік Үсенұлы.
Аудан басшысы құрылыс саласында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, ауданда «Келешек мектептері» жобасы арқылы 3 мектеп салынған. Бұдан бөлек, жаңа буынды дамыту орталығының, Алтын кемер елді мекенінде 200 орынды, Мырзашөл елді мекенінде 400 орынды мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда 240 тұрғын баспаналы болса, құрылысы 2021 жылдан бері тоқтап тұрған 140 пәтерлі көп қабатты үш үйдің құрылысын аяқтау қолға алынған. Қазіргі таңда 20 пәтерлі бір үйдің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар жер телімінде жеке инвестор есебінен 32 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы біткен. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 25 елді мекендегі 12 жобаны іске асыруға 1,7 млрд. теңге бөлініп, қаржы жолдарды жөндеуге және мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталыпты.
«Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газ жүйесімен қамтылған. Соңғы үш жылда елді мекендердің табиғи газбен қамтылуы 34,2%-ға артты. Қазіргі таңда 5 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылысқа қаржы бөлінді, 8 елді мекенде жобалау сметалық құжаттамалар әзірленуде. Келер жылы ауданды толық көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Көлік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Аудандағы 365,3 шақырым жол желісінің 43,6 шақырымы республикалық, 210,4 шақырымы облыстық, 111,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Ал ішкі көшелердің ұзындығы 918,4 шақырым. Соңғы 3 жылда ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 183 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Биыл ұзындығы 43,1 шақырымды құрайтын 56 көше орташа жөндеуден өтеді. Қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 105 елді мекен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Сол сияқты барлық елді мекен электр қуатымен қамтылған. Халық санының өсуіне байланысты жаңа электр желілері жүргізіліп жатыр. Бүгінде аудан халқына 69 медицина мекемесі қызмет көрсетеді. Өткен жылы 1 дәрігерлік амбулатория және 6 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Асықата кентінде және Жаңаауыл ауылдық округінде жеке инвестор есебінен медициналық орталық салынды. Асықата орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. «Спорт және мәдениет саласын дамыту мәселесі ерекше бақылауда. 2025 жылы 7 футбол алаңшасы мен 5 workout салынса, 3 алаңша жөнделді. Асықата кентінде инвестор есебінен теннис орталығы салынды. Өткен жылы 3 мәдениет үйінің құрылысы басталып, тағы үшеуі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі ашық жауап беру — біздің басты басымдықтарымыздың бірі», - деді аудан әкімі сөз соңында.


