Бұл жоба білім беру саласына ең үздік жастарды тарту мақсатында жүзеге асырылуда.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз етудің жаңа ережесі іске қосылды. Оқу үлгерімі GPA 3,33-тен жоғары университет түлектері ешқандай конкурстық іріктеусіз жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл жоба білім беру саласына ең үздік әрі ынталы жастарды тарту мақсатында жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда 105 жас маман бірнеше өңір мектептеріне іріктеусіз қабылданып, жұмыстарына кіріскен. Жастар мектеп ұжымдарына бейімделіп, оқу-тәрбие барысына белсенді араласып жүр.
Министрлік өкілдері бұл тәжірибенің өңірдегі кадр тапшылығын жоюға септігін тигізетінін айтады. Жұмысқа қабылданғандардың арасында инновацияға жақын, сапалы білім беруге ұмтылатын жауапты мұғалімдер көп.
«Бұл жоба жас педагогтардың кәсіби қалыптасуына қолайлы орта жасап қана қоймай, өңірдегі білім беру ұйымдарындағы маман тапшылығын жүйелі түрде шешуге көмектеседі», — деп атап өтті мекеме өкілдері.


