Жыл басынан бері 132 кәсіпкерге 431,2 млн теңге несие берілген.
Жетісай ауданының әкімі 10 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек 10 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы өткен брифингте айтты.
«Биылғы жылдың 10 айында Жетісай ауданында өңірлік өнім көлемі 133,8 млрд теңгені, өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,8 млрд теңгені, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 7,7 млрд теңгені құрады. Ал, негізгі капиталға бағытталған инвестиция 11,7 млрд теңгені құраса, бөлшек сауда 16,8 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 534 бірлікке жетіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 3039 субъектіге артты. Кәсіпкерлік нысандарда 21 386 азамат жұмыспен қамтылып, салада 49,6 млрд тенгенің өнімі өндірілді», - деді Мұрат Болатұлы.
Спикердің сөзінше, «Ырыс» МҚҰ арқылы жыл басынан бері 132 кәсіпкерге 431,2 млн теңге несие берілген. Оның жалпы суммасы 105,5 млн теңгені құрайтын 11 жобасы мал шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша болса, 325,7 млн теңгені құрайтын 121 жоба көктемгі егін егу және жинау жұмыстарына арналған.
Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер арқылы «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 1,4 млрд теңгеге қоғамдық тамақтану орындарын, балабақша, қонақ үй, бизнес нысандарын дамытуға, одан бөлек жиһаз өндірісі, ет өндірісі, полиэтилен мен жемісті қайта өңдеу сынды жобалар қаржыландырылған.
Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7306 азамат тұрақты және уақытша жұмыстармен қамтылса, 344 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 81 азамат алғашқы жұмыс орындарына, 887 жас жастар практикасына, 2273 тұлға ақылы қоғамдық жұмыстарға, 25 адам «Ұрпақтар келісім шарты» және «Күміс жас» жобалары аясында жұмысқа жолданған.