ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Парасат» пікірталас клубы құрылды

0
707

Тұрғындар өзекті мәселелерді «Парасат» мінберінде көтеріп, басшылармен тікелей пікірлесе алады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Парасат» пікірталас клубы құрылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында «Парасат» пікірталас клубы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Клубтың алғашқы жиынына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Жиында ауданның ардагерлері мен қоғамдық ұйымдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары мен жастар, БАҚ өкілдері мен белсенді блогерлер клубтың мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын ережелерді талқылап, төраға сайлау мәселесі дауысқа салынды.


«Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы жанынан ашылған пікірталас алаңында жергілікті халықтың ұсыныстарына қарай өңір басшылары мен тұрғындар тұрақты түрде ашық диалог жүргізіп, ең өзекті проблемаларды талқылап, шешу жолдарын қарастырды.


«Біз «Парасат» клубында мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен ұштастыра отырып аудандағы өзекті мәселелердің шешілу жолдарын қарастырамыз. Кез-келген саладағы олқылықтар осындай басқосуларда ашық талқыланып, клуб мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері ескерілетін болады. Бұл – өз кезегінде халықтың жағдайын жақсартуда оң ықпал етеді деп сенеміз», – деді Серік Пірімбеков.


Сондай-ақ, басқосуда клубтың ережесі мен мақсаты, міндеті, оның құрамы, басшылық жасау тәртібі, жалпы клубтың ұйымдастыру жұмыстары толық түсіндірілді. «Парасат» пікірталас клубының төрағасы болып «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов, орынбасары болып аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов бірауыздан сайланды. Енді жетісайлық тұрғындар өзекті мәселелерді «Парасат» мінберінде көтеріп, басшылармен тікелей пікірлесе алады.