ТҮРКІСТАН: Жетісайда Тәуелсіздік құрдастары көшет отырғызып, автошеру өткізді

0
1 564

Тәуелсіздіктің 28 жылдығына 280 түп ағаш отырғызды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда Тәуелсіздік құрдастары көшет отырғызып, автошеру өткізді

Жетісай қаласында Тәуелсіздік құрдастары мереке аясында 280 түрлі ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Көпке үлгі боларлық шара Жетісай қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орталық саябақта өтті. Мұнда аудандағы сан салада еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастары мен жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығы» қарсаңында 280 түп түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызды. Аталмыш шараға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов қатысып, жастарды қасиетті мерекемен құттықтады және ауданның белсенді жастарымен бірге саябақта көшет отырғызды.

Атап айтсақ, белсенді азаматтардың демеушілігімен отырғызылған көшеттердің ішінде түрлі декоративті ағаштармен қатар шырша, қара ағаш, соболь мен арша бар.

Сонымен қатар, аудан жастары 28 жылдыққа 28 көліктің қатысуымен автошеру ұйымдастырып, қала көшелерін аралады.

«Біз қолымызға Тәуелсіз еліміздің көк байрағын көтеріп, көліктермен көше аралап тұрғындарға қастерлі Тәуелсіздіктің қадірін, қасиетін ұғындыруға тырыстық. Патриоттық әндер айттық. Мақсатымыз – өзімізден кейінгі іні-қарындастарымыздың жүректеріне елжандылық ұялату болды», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Салтанатты шара соңы аудандық мәдениет майталмандарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.