ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа сауықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді

0
817

Сауықтыру және спорт кешені шалғай ауылдың 50 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа сауықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді

Жетісай ауданында «Береке» сауықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіне қарасты Талапты елдімекенінде «Береке» сауықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешені «Ауыл» партиясының мүшесі, аудан мәслихатының депутаты Берік Бәйімбетовтің демеушілігімен салынған. Кешеннің жалпы аумағы - 3100, пайдалану аумағы 462 шаршы метрді құрайды.


Кешеннің ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков, «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Төрегелді Қалмұратов, аудан тұрғындары мен жас спортшылар, партия белсенділері қатысты. Жаңадан іске қосылған кешенде еркін күрес, таеквондо, шахмат, үстел теннисі алаңшалары, сондай-ақ монша бар.


«ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын тиімді іске асыру үшін әр азамат санасын жаңартып, жаңа экономикалық және әлеуметтік көзқарас қалыптастыруы керек. Сауықтыру және спорт кешені «Ауыл» партиясының жыл басынан бері іске асырылып келе жатқан бастамасы «Жаңа Қазақстанға - жаңа ауыл» жобасының аясында пайдалануға берілді. Жоба бойынша ауылды дамытамын деген азаматқа партия меценаттары мен депутаттары тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Ол – жобаны әзірлеу, тиісті рұқсат құжаттарын алу, кепілдікке беретін мүлікті бағалап беру сынды жұмыстарға қажет шығындарды толығымен өтеп беру болмақ. Ауылды өркендетудің жаңа бағыттарын игеруге қызығушылық танытқан ауыл кәсіпкерлері мен адамдарын «Ауыл» партиясы өз қанатының астына алуға дайын», – деді мәслихат депутаты, демеуші Берік Бәйімбетов.


Айта кетсек, сауықтыру және спорт кешені шалғай ауылдың 50 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Бұл орталық – Түркістан облысында «Ауыл» партиясы мүшелерінің демеушілігімен ашылған екінші спорт кешені.


Еске сала кетсек, биыл тамыз айында Мақтаарал ауданында 520 орындық «Жетіген» спорт кешені ашылған болатын.