Түркістан облысына Армениядан әкелінген көліктер саны 531.
Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы тұрғындарға Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Түркістан қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков тұрғындарға Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек онлайн режимде, Полиция департаментінің әлеуметтік парақшаларында тікелей эфир арқылы желі қолданушыларының дасұрақтарына нақты жауаптар беріп, жан-жақты түсіндіріп өтті.
Полиция полковнигінің айтуынша, жалпы, Түркістан облысына Армениядан әкелінген көліктер саны 531. Оның ішінде жаңадан шыққан қаулыға сәйкес тіркеуге жататындары – 330 көлік. Бүгінде маусым айының 1-іненбастап облыс бойынша 120-дан астам көлік тіркеліп, сары нөмір алып үлгерген. Сонымен қатар, 10 күн ішінде 300-ге жуық тұрғынға кеңес берілген.
«Осы тіркеу бойынша жергілікті халық тарапынан көп қойылатын сұрақтардың бірі «тіркеп болған соң, тағы да баж салықтары алына ма?» Мен айтар едім, әрине жоқ. Тек бір рет тіркесеңіз болды. Өздеріңізге белгілі, Үкімет қаулысына сәйкес 1 маусымнан бастап ҚР азаматтарына Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталған болатын. Ол үшін үш төлем жасалады. Төлемнің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Облыс тұрғындары естеріңізде болсын, Армениялық көлігіңізді 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тіркеуге болады. Тіркеу Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында иесі ретінде көрсетілмеген тұлғаларға жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, бұл көлікті өзге адамның атына аудара алмайсыз», - дейді А.Тастанбеков өз сөзінде.
Оған қоса, Түркістан облысы полицейлері Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істеп жатыр. Осылайша, Түркістан облысында тұрғындарға Армения Республикасынан әкелінген автокөліктерді тіркеп, сары нөмірлер беру бойынша түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде.