ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды

0
322

Облыс әкімі жауапты басшыларға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста пысықталды. Облыс әкімі жауапты басшыларға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.


«Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктері шұғыл түрде көмір жеткізу, табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жеделдетуі керек. Бюджеттік және әлеуметтік мекемелер, білім ұялары, мәдениет, спорт нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы тиіс. Көмір тасымалдаушы мердігерлердің жұмысын қадағалап, көмірді мерзімінде жеткізіңіздер. Сапасына мән берілсін. Осы салаға жауапты басшылар тұрақты түрде штаб отырысын өткізіп, мәселені бақылауда ұстаулары қажет», – деді облыс әкімі.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1577 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1279 білім, 668 денсаулық сақтау, 212 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 75 спорт нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.


Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Алдағы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 млн. литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың м3 газ қажет. Жалпы жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі 7,8 мың тонна. Алдағы жылыту маусымына 17,3 млрд. теңге қаралып отыр. Оның ішінде 16,9 млрд. теңге бюджет есебінен бөлінген.


Облысқа қажетті көмірдің көлемі – 778,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104 мың тонна. Жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна. Жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна. Өңірге көмір вагондары тұрақты келуде.


Мәжілісте білім, спорт, мәдениет және өзге де сала басшыларына көмір тасымалдау, қысқа дайындық мәселесі бойынша нақты тапсырма берілді.


Облыста табиғи газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуіне байланысты тұрғындардың көмірге деген сұранысы 82 000 тоннаға төмендеген. Өткен маусымда 93 бюджеттік мекеме көмірден газға ауыстырылды. Көмір қажеттілігі 36 000 тоннаға төмендеп отыр.


Облыста 2023 жылы 60 газ нысанының құрылысы нысан аяқталды. 45 елді мекен, 11 шағын ауданда 111 876 халыққа табиғи газ берілді.