Түркістанда 10 мыңға жуық адам қатысқан таңғы жаттығу өтті

0
116

Ауқымды спорттық іс-шара тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.


Түркістанда 10 мыңға жуық адам қатысқан таңғы жаттығу өтті

Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай 10 мыңға жуық адам қатысқан жалпыхалықтық таңғы жаттығу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бастамасымен 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан қаласында жалпы халықтық таңғы жаттығу ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин сөз сөйлеп, жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Ол мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышаны екенін атап өтіп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.

Жалпы халықтық жаттығуға Түркістан қаласы мен Сауран ауданындағы спорт мекемелерінің қызметкерлері, жаттықтырушылар, жастар, спортшылар және спорт саласының мамандары қатысты. Қатысушылар арнайы бағдарлама бойынша дене жаттығуларын орындап, бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін көрсетті.

Түркістан қаласында өткен таңғы жаттығуға 2000-ға жуық адам қатысып, дене белсенділігін арттыру мен патриоттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында бір мезетте ұйымдастырылып, оған жалпы саны 10 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Ауқымды спорттық іс-шара тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.

Бөлісу