Түркістанда «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті

0
130

Шара барысында кәсіби спикерлер сөз алып, халықтың қаржылық қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы және цифрлық ортадағы қауіптер туралы өзекті мәліметтерді бөлісті.


Түркістанда «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті

Түркістанда «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттай отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастыруды тапсырған. Аталған тапсырманы орындау мақсатында 2025 жылғы 25 маусымда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен бір мезетте облысымыздың 3 қала және 14 ауданында «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өткізілді.


Форум аясында қаржы саласындағы қауіптер мен қазіргі заманда жиі кездесетін қаржылық пирамидалар, заңсыз инвестициялық жобалар, дроптар және олардың салдары туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар Түркістан облысы аумағындағы мектеп жанындағы балалар демалыс жазғы лагерьлеріне «Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша қаржылық сауаттылық тақырыбында дәрістер өткізіліп, вейп, қаржылық алаяқтық схемалары бойынша 4000-ға жуық лагерь демалушыларына және 500-ге жуық тәрбиешілерге үгіт-насихат жүргізілді.


Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, полиция департаменті, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылығы, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы да қатысып, қолдау білдірді.


Өңір басшысы қоғамда қаржылық сауаттылық мәселесі өзекті болып тұрғанына тоқталды.


– Бәріңізге белгілі 23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарынмен кеңейтілген отырыс өткізілді. Президент әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруды және құқық қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Ол – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты жат көріністер тоқтайды. Облыстың барлық аудан, қалаларында «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында қоғамдық қабылдаулар басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықпен ашық диалог орнату. Біз қоғамда қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізуіміз қажет. Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік. Баршаңызды қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлестеріңізді қосуға шақырамын, – деді Нұралхан Көшеров.


Форум жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов, Әлем және Азия чемпиондары қатысып, мазмұнды ойлар айтты.


Шара барысында кәсіби спикерлер сөз алып, халықтың қаржылық қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы және цифрлық ортадағы қауіптер туралы өзекті мәліметтерді бөлісті.


Қаржылық мониторинг агенттігінің бейнематериалдары көрсетіліп, нақты фактілер негізінде интерактивті ойын мен театралды қойылым ұсынылды.


Түркістан қаласы Сейтметов атындағы саз-драма театры ұжымы «Армандар күйреуі» атты сахналық көрініс арқылы қаржылық сауатсыздықтың зардабын көркем түрде жеткізді.


Форум соңында қатысушылар спикерлерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз алғыстарын білдірді.

Бөлісу