Полиция мәліметінше, жұмысшылар үстіне жарық шағылыстыратын кеудеше кимеген.
Фото: soprema.pt
Ақмола облысында жеңіл көлік жолдағы жұмысшыларды қағып, бір адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі жұмысшы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай 23 қазан күні Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 163-шақырымында болған.
Полиция мәліметінше, жұмысшылар үстіне жарық шағылыстыратын кеудеше кимеген.
“Chery Arrizo 8 көлігін тізгіндеген жүргізуші жолдың жүріс бөлігінде жүрген. Осылайша ол жарық шағылыстыратын кеудеше кимеген үш жол жұмысшысын қағып кеткен”, – делінген хабарламада.
Апат салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Ал екеуі медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазір осы дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.


