Түркістанда 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

0
138


Түркістанда 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Сапалы құрылыс пен қолайлы инфрақұрылым — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың басты негізі екенін атап өткен қала басшысы мердігерлермен нысан басында жиын өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Шаһар басшысы алдымен Отырар шағын ауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы ауданы 11,4 гектарды құрайтын жобаны «Project Building» ЖШС жобалаған. 800 пәтерден тұратын тұрғын үйлердің бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалған.
Әзімбек Пазылбекұлы нысанның сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде және тиісті стандарттарға сай аяқталуын тапсырды. Айта кетейік, кезекте тұрған тұрғындар үйлерді «Отбасы банк» арқылы ғана ала алады. Сондықтан қала тұрғындары аталған банктің бөлімшелерінде кеңес алып, құжаттарын тапсырады. Түркістан қаласында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Қала әкімдігі алдағы уақытта да әлеуметтік әл-ауқатты арттыру мақсатында қолжетімді баспана салуға және сапалы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше мән бермек.
Бөлісу