Түркістанда «AGROFEST-2018» фестивалі өтті

0
1 462

Шара барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды.


Түркістанда «AGROFEST-2018» фестивалі өтті

Бүгін Түркістан қаласында алғаш рет «AGROFEST-2018» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті. «Есімхан» алаңында өткен шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мерекелік жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сала мамандарын кәсіби меркелерімен құттықтап, аймақтың жетістіктеріне тоқталды.

«Өңіріміздегі ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгеге жетіп, республикада 2 орынға қол жеткіздік. Көкөніс, бақша дақылдарынан 2,8 млн. тоннамен рекордтық өнім жинадық. 500 мың тоннаға жуық өнімдер Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жетіп, елдегі жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы Түркістан облысында өндірілді. Республикадағы салынған жылыжайлардың 77 пайызы, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы да біздің өңірге тиесілі. Облыста алғаш рет 6,2 мың тонна ет экспортталып, республика экспортының 41 пайызын қамтыды. Мұның барлығы Сіздердің еткен еңбек, төккен термен келген жетістіктер деп айтуға толық негіз бар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.


Сондай-ақ, шара барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды.

Алаңда ұлттық спорттың 12 түрінен сайыстар өткізіліп, аудандардан жиналған білектілер мен ұлттық спорттың шеберлері өзара мықтыларды анықтады. Үздік атанған барлық қатысушылар мен спортшыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Дереккөз:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген: С.Мырзалиев