Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардағы мектептерде толығымен «Әкелер мектебі» құрылған.
Жыл соңында Түркістан облысында ата-аналар ассосациясы құрылады. Оның құрамындағы түрлі ұйымдар тікелей бала тәрбиесімен айналысатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы бүгін Түркістанда өткен облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісінде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев айтты.
Рахымбек Қуатбекұлы бұл бағытта өңір мектептерінде бірнеше жобалар жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Жастар мен жасөспірімдер тәрбиесін дер кезінде қолға алып, қолдау көрсетіп отырған ардагерлер кеңесінің мүшелеріне алғысын айтты.
Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардағы мектептерде толығымен «Әкелер мектебі» құрылған. Басты мақсат- жасөспірімдер тәрбиесін түзеу, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Яғни, әкелер отбасылық тәрбиенің жақсы жақтарын насихаттап, мектептегі тәрбие саласына көмектеседі.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов қатысты.
Мәжілісті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне сәйкес «Әкелер мектебін» ұйымдастыру жұмыстарының барысы талқыланды.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов бала тәрбиесіне басты тұлға әке болу керектігіне тоқталды.
Алдағы уақытта «Әкелер мектебі» жобасы университеттің оқу процесіне енгізуді жоспарлап отырғандығын айтты.
Жиында аудан, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері жұмыс бағыты бойынша орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.