Облыс бойынша ауған соғысы құрбандарына арнап орнатылған 20 монументтік және мемориалдық ескерткіш бар.
Түркістанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Ауған соғысы ардагерлері қатысты.
Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен салтанатты шарада Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің алғыс хаттары мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының алғыс хаттары, сондай-ақ атаулы күннің естелік белгілері табысталды.
Мемлекеттік Әнұран щырқалып, Ауған соғысы ардагерлері туралы бейнематериал көрсетілді. Кеш барысында Шымкент горнизонының әскери оркестрі, «Семсер» тобы, Райым мен Дана дуэті, «Яссы» би ансамблі және мәдениет үйінің әншілері өнер көрсетті.
Бейбіт күнде мыңдаған жастың өмірін қиып, 10 жыл бойы халықты үрейге бөлеп, жазықсыз жандардың жүрегін жаралаған Ауған соғысында жүздеген қазақстандық өрен құрбан болды. 1986 жылғы ақпанында өткен съезде М.Горбачев Кеңес әскерін бөлім-бөлімімен ауған жерінен шығару жөнінде шешім қабылдап, 1989 жылдың 14 ақпанында соңғы әскери техника Ауған жерінен шығарылды.
Ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 2186 оңтүстік сарбазы қатысып, оның 68-і қаза тауып, 1-еуі із-түссіз жоғалған. Бүгінде облыста Ауған соғысының 1159 ардагері тұрады. Қазіргі таңда зейнеткерлік жасқа дейінгі ардагерлерді жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ медициналық ұйымдарында Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арнайы жауапты мамандар жұмыс жүргізуде, ардагерлер бөлмесі қарастырылып, соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне тиісті көмектер беріледі. Облыс бойынша ауған соғысы құрбандарына арнап орнатылған 20 монументтік және мемориалдық ескерткіш бар.