Түркістанда "Балуан Шолақ" фильмінің премьерасы өтті

0
1 434

Атақты балуанның рөлін Еркебұлан Дайыров сомдаған.


Түркістанда

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында «Балуан Шолақ» фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолента палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолаққа арналған.

Қазақ сал-серілерінің соңғы тұяғы, тарихта «Балуан Шолақ» деген атпен белгілі өзі балуан, әрі ақын әрі сері Нұрмағанбет Баймырзаұлы жайындағы фильмде азаматтың ел басына қиын-қыстау күн туған шақта жасаған ерлігі баян етіледі. Сценарийдегі негізгі оқиға орыс переселендерінің қазақ даласына көшірілген сәтімен, сол ғасырдағы қазақ қоғамындағы қиын кезеңмен өрнектелген. Фильм Балуан Шолақтың түрмеде жатқан туған-туыс, бауырларын босатып, әділдікке қол жеткізуімен аяқталады. Фильмде қазақ қоғамының отаршылдыққа қарсы көзқарасы, күресі көрініс тапқан.
Атақты балуанның рөлін Еркебұлан Дайыров сомдаған. Сонымен қатар Альбина Шардарова, Медғат Өмірәлиев, Александр Багрянцев сынды актерларды көре аламыз.
«Балуан Шолақ» фильмінің идея авторы, әрі сценарийін жазған облысымыздың тумасы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург - Дулат Исабеков.
Көрсетілім барысында режиссерлық топ түркістанық көрерменмен және жастармен кездесті. Дулат Исабеков "Балуан Шолақ" фильмін өзінің кино саласындағы ең табысты жобаларының бірі екенін айтты. Ал фильм режиссері Нұргелді Садығұлов бұл туынды қазақ жастарының отаншылдық сезімін оятатынына сенім білдірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев фильм режиссері мен сценарий авторына және шығармашылық топқа алғысын айтып, облыс әкімі атынан сый-сияпат жасады. Аталған фильмді Қазақстанмен бірге түркі әлеміне де тарату керектігін айтты. Кеш соңында Түркістанның өнерсүйер қауымы Дулат Исабековпен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі