Түркістанда «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме ашылды

0
168

Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады.


Түркістанда «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме ашылды

Түркістанда Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістанда «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атында халықаралық қазақ-түрік университетінде қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы. Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, еліміздің және шетелдің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты.


Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде аталған оқу ордасының ректор Жанар Темірбекова бұл шараның рухани-тарихи маңызға ие ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елдің өкілдеріне алғысын жеткізді. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова да пікір білдірді. Қатысушылар бұл жиынның жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына екендігін айтты.


Көрермен назарына көрмеден соң «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі ұсынылды. «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды.


Жиын соңында спектакль жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.

Бөлісу