Аталған жоба әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған.
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістанда экобазар ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған жоба әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Және өндірушілердің өнімдерін делдалсыз тікелей сату жүйесін қалыптастырады. Сонымен бірге, экобазар – туризмді дамытуға бағытталған жол. Өйткені автовокзал жанында, халықаралық әуежайға барар жолда орналасқан сауда кешенінде Түркістан өңірінің барлық өнімдері ұсынылады.
Мерекелік жәрмеңкеге 50-ге жуық тауар өндірушінің 411 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері базар нарқынан 15-20 %-ға төмен бағада ұсынылды. Атап айтсақ, 55 тонна ет пен ет өнімдері, 148 тонна көкөніс және өзге де тауарлар әкелінген.
Наурыз мерекесі Түркістандағы «Жібек жолы» саябағында да ұйымдастырылды. Мұнда қазақ мәдениеті мен руханиятынан сыр шертетін іс-шаралар өткізілді. Еңселі киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, қазақтың әндері шырқалды. Ұлттық спорт түрлері насихатталып, ойындар ойналды. Өңірдің эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, наурыз жырлары жырланды. Наурыз көже таратылды. Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты мерекемен құттықтап, тарихи Түркістанның келешегі жарқын боларына сенімді екенін жеткізді.
Үш жылдан астам уақыт ішінде жүзеге асқан жобаларға тоқталып, Жаңа Қазақстанды құру бағытындағы бетбұрыстарды баяндады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.