Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап қызметке кіріскен ЭТҚ-нің құрылымдағы кинологиялық қызметті қосқанда 103 штаттық бірлікті құрайтын бес басқармадан тұрады.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі өз жұмысын бастады. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы Серік Өтембаев мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап қызметке кіріскен ЭТҚ-нің құрылымдағы кинологиялық қызметті қосқанда 103 штаттық бірлікті құрайтын бес басқармадан тұрады. Жеке-дара тоқталсақ, олар: Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы, Қаржы саласындағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасы, Салық және кеден салаларындағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасы, Жедел қызмет басқармасы, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасы.
Кезекшілік бөлімде тәулік бойы қызмет атқаратын сенім телефоны 8 (725- 33) 3-29-87 орнатылған. Бұл нөмір арқылы Түркістан облысының барлық тұрғындары тергеу реттілігіне жататын экономика саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарлай алады. Экономикалық тергеу қызметі кәсіпкерлердің құқығын, мемлекет пен бизнестің экономикалық мүдделерін қорғайды. Басты міндеттері – салық, кеден (оның ішінде есірткі және басқа да айналымға тиым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл) және қаржы салаларындағы құқық бұзушылықтарды ескерту, алдын алу, тергеу жүргізу болып табылады.
Жиын соңында Экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің арнайы киім үлгісі мен қызметтік куәлігі таныстырылды.