Түркістанда этносаралық татулықты нығайту бағытында семинар өтті

0
736

Этносаралық қақтығыс жағдайларын туғызуы мүмкін жағдайларды және оның алдын алуға бағытталған.


Түркістанда этносаралық татулықты нығайту бағытында семинар өтті

Түркістанда «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. Жиынға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің идеология саласына жауапты бөлім басшылары, ғалымдар, сарапшылар, ҚХА өкілдері қатысты.


Аталған семинар облыс аумағында түрлі саладағы құқықтық қатынастарда этносаралық қақтығыс жағдайларын туғызуы мүмкін жағдайларды және оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы облыс әкімдігінің, облыс прокуратурасы мен ҚР ҰҚҚ Түркістан облысы бойынша департаментінің және облыстық Полиция департаментінің бірлескен жоспарына сәйкес өткізілді.


Семинарды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев жүргізіп отырды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жұмыстар атқарылғанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жоспарға сай міндетін орындап жатқанына тоқталды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиіс.


Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Қазақстан: ұлтаралық қарым-қатынастар тарихы, қазіргі уақыттағы этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.


«Бүгінгі семинар өте маңызды. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Дегенмен мемлекетқұраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ал енді ішінде ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Түркістандағы жиында осы мәселені арнайы талқылайын деп отырмыз. Әрине елде этносаралық оқиғалар болды. Бұл кикілжіңдер әлеуметтік мәселелерден, уақытында шешілмеген түйткілдер мен әділетсіз шешімдердің салдарынан туындайды. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар, басшылар әрбір мәселені бақылап, уақытында әрекет етулері керек. Арнайы алгоритм мен жұмыс жоспары, жауапкершілік болғаны жөн», – деді Ж.Артықбаев.


Қолданбалы этносаяси институтының әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің бас менеджері Дулат Өтеғали «Қақтығыстардың алдын алу тетігі, оның қолданылуы және кемшіліктері. Қақтығыстарға ден қою шараларының алгоритмі» тақырыбында ой қозғады. Қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.