Түркістанда қарызы бар жүргізушілерге дронмен бақылау күшейді

0
82

Берешегі бар көліктер дрондар мен «Қорғау» жүйесі арқылы жедел анықталуда.


Түркістанда қарызы бар жүргізушілерге дронмен бақылау күшейді

Фото: ҚР ІІМ

ERNUR.KZ. Түркістандық полицейлер берешегі бар көліктерді анықтау үшін дрондарды белсенді қолдана бастады, деп жазады BAQ.KZ.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, заманауи технологиялар қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылып отыр.

Жұмыс барысында ұшқышсыз аппараттар мен «Қорғау» ақпараттық жүйесі қолданылады. Олар құқық бұзушылықтарды жедел тіркеуге және жолдағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.

Рейдтердің бірінде дрон көмегімен қарызы бар Changan маркалы автокөлік анықталған. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Сондай-ақ берешегі ең көп Chevrolet Monza автокөлігі де анықталған.

"Қосымша құқық бұзушылықтар стационарлық камералар арқылы да тіркеледі. Мәселен, Қазығұрт ауданында полицейлер Д. Қонаев көшесіндегі бейнебақылау камерасына түскен Hyundai Elantra көлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлік иесінің 432 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұлды төлемегені белгілі болды. Қарыз алты рет жылдамдықты арттыру және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін жиналған. Көлік айып тұрағына қойылып, иесіне қатысты тиісті шаралар қабылданды", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Ведомствоның нақтылауынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жылдамдықты асырумен байланысты.

2026 жылдың басынан бері өңірде қарызы бар 2500-ден астам көлік арнайы тұрақтарға қойылған.