Әдеби-сазды кеште ақын сөзіне жазылған көптеген танымал әндер орындалып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Түркістанда Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты әдеби-сазды ән-жыр кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақстан Жастар Одағы сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған «Қазақ деп мұңға баттым мен» атты әдеби-сазды ән-жыр кеші өтті. Алдымен келушілер кітап көрмесін тамашалады.
Кеш шымылдығы ақынның «Қазағым» термесімен ашылды. Сонымен қатар «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы әдеби композиция ұсынып, Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы туралы ақын-жазушылардың пікірлерін оқып, сахна төріне кеш кейіпкерін арнайы құрметпен шақырды.
Рухани іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде Қасымхан Бегманов шығармашылығының ұлттық руханияттағы орны айрықша екенін атап өтіп, ақынның елдік пен рухты дәріптеген еңбектері кейінгі ұрпаққа өнеге екенін айтып, ақынға құрмет көрсетті.
Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, ҚР Президенті Әкімшілігінің консультанты Қалқаман Сарин сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің атынан арнайы Алғыс хат табыстады. Ол Қасымхан Бегмановтың қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан елеулі еңбегіне тоқталып, ақынға ыстық лебізін білдірді.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен әдеби-сазды кешке еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, Мереке Құлкенов, Қансейіт Әбдезұлы, Есберген Алауханов, Серік Елікбай сынды зиялы қауым өкілдері кештің құрметті қонағы болып, ақын шығармашылығы туралы тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараның мақсаты – ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиет пен поэзияны дәріптеу, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ елдік рух пен ұлттық құндылықтарды ұлықтау.
Әдеби-сазды кеште ақын сөзіне жазылған көптеген танымал әндер орындалып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Кеш барысында ақын көрермендермен еркін пікір алмасып, қазіргі қазақ поэзиясы мен ән мәтіндерінің бүгінгі болмысы жайында ой өрбітті. Сонымен қатар оқырман мен көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық өмірінен естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды кеш соңында Қасымхан Бегманов қорытынды сөз сөйлеп, руханиятқа құрмет көрсетіп, келген барша қонақтар мен ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Қазақ поэзиясы мен өнерін ұлықтаған тағылымды кештен қонақтар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.


