​Түркістанда «ХУБЭЙ» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдігі ашылды

0
900


​Түркістанда «ХУБЭЙ» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдігі ашылды

ERNUR.KZ. Түркістан қаласында Қытайдың «Хубэй» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының (Hubei International Enterprise Cooperation Association) өңірлік өкілдігі ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, қауымдастық басшылығынан Хуан Лися және бірқатар бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Бұл жоба аймақтар арасындағы байланысты нығайтып, экономиканы дамытуға, сонымен қоса, тәжірибе алмасу арқылы бірлескен маңызды жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін мүмкіндіктер алаңы болары сөзсіз.


Аталған өкілдіктің негізгі мақсаты – Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті дамыту. Сондай-ақ кәсіпкерлерге екі өңір нарығына шығуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өндірістік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді. Өңірлік өкілдіктің негізі бағыттарына инвестиция тарту, сауда байланыстарын дамыту, өнеркәсіп саласы, ауыл шаруашылығы, логистика, инновация салаларында бірлескен кәсіпорындар құру жұмыстары кіреді.

Жиында облыс әкімі өңірді дамыту бағытындағы келіссөздерге ашық екенін жеткізді.

“– Бұл өкілдік Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы іскерлік байланыстарды күшейтіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Біз өзара тиімді серіктестікке дайынбыз”, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, «Хубэй» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы – қытайлық және шетелдік бизнес арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ұйым. Қауымдастық инвестициялық жобаларды қолдап, халықаралық нарықта кәсіпкерлерге көмек береді.