«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен.
Түркістанда «Counter Strike: Global Offensive» және «FIFA-2023» ойын түрлерінен облыстық киберспорт турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Counter Strike: Global Offensive» және «FIFA-2023» ойын түрлерінен облыстық киберспорт турнирі өз мәресіне жетті.
Жарысқа облысымыздың аудан, қалаларынан 100-ден астам жастар қызығушылық танытып қатысты. Ойынның алғашқы күнінде, яғни іріктеу кезеңінде өзара мықтылар анықталып, жеңімпаз болған командалар ақтық кезеңге жолдама алды. Киберспортқа қызығушылық танытып келген жастардың басын қосқан бұл ойын түрі, барлық қатысушыларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Ал екінші күні ойыншылар ойын көркін қыздыра түсті. Турнир соңында үздік деп танылған командаларды және жекелей қатысқан қатысушыларды Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекеменің басшысы Ернар Бектаев арнайы дипломдармен марапаттап, қаржылай сыйлықтар табысталды.
Киберспорт турнирі нәтижесі бойынша «Counter Strike: Global Offensive түрінен I орын «Ultra» командасына 500 000 теңге (Түркістан қаласы), II орын «Landodger» командасына 300 000 теңге (Түркістан қаласы), III орын «Ataquetion» командасына 200 000 теңге (Түркістан қаласы), ал «FIFA-2023» I орын Әлихан Молдаханға 500 000 теңге (Жетісай ауданы), II орын Ермахан Мұсаханға 300 000 теңге (Арыс қаласы), III орын Байсеит Сұлтанға 200 000 теңге (Түркістан қаласы) бұйырды.
Киберспорт – компьютерлік және видео ойындарға негізделген командалық не жекелей бақ сынайтын спорт түрі. Тарихы 70-жылдардан бастау алатын компьютер ойындары бүгінде әлемнің бірнеше елдерінде ресми спорт түрі деп танылып, әлемдік жарыстар өтіледі. Киберспорттың әлемдік аудиториясы 230 миллионнан асады.
Айта кетейік, турнирдің негізгі мақсаты – аудан, қалалық жастар арасындағы киберспортқа қызығушылығы жоғары жастардың басын қосу, ынтымақтастықты арттыру және облыс жастарын республикалық және әлемдік дәрежедегі ойындарға дайындау.