Түркістанда қысқа дайындық қарқын алды

0
74

Қаланың барлық жылу қазандықтары мен желілері тексеріліп, жөндеуден өтіп жатыр.


Түркістанда қысқа дайындық қарқын алды

Түркістанда алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Қаланың барлық жылу қазандықтары мен желілері тексеріліп, жөндеуден өтіп жатыр. Қазіргі таңда 18 жылу қазандығы мен 55 шақырымнан астам жылу желілері қысымдау, шаю жұмыстарынан өтті және қажетті отынмен қамтылуда. Сонымен қатар жаңа технологияларды пайдалану арқылы осы саланы дамыту маңызды. Жылу желілерінің тозу деңгейі жоғары инфрақұрылымды жаңарту және коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға белгіленген ережелер шегінде инвестицияларды тарту мәселелері қарастырылуда.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығының жылыту маусымына дайындық барысын пысықтады. Әкім жауапты басшыларға барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.


– Алдағы жылыту маусымына дайындық – бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Біз әрбір әлеуметтік нысан мен көпқабатты үйдің жылуға уақытылы қосылуын қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.


Қалада 219 көпқабатты тұрғын үй, 65 әлеуметтік нысан, 60 кәсіпкерлік объектісі мен 33 жеке тұрғын үй жылу жүйесіне қосылуға дайын. Облыс орталығындағы 18 негізгі қазандық табиғи газбен жұмыс істейді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті қуат пен отын көлемі есептеліп, жеткізу жұмыстары жүргізілуде.


Қазіргі таңда қалада жылыту маусымын 20 қазанға дейін толық бастау жоспарланып отыр. Инфрақұрылым мен отын жеткізу бойынша мәселелер әкімдік бақылауында. Түркістан қаласында қысқы қауіпсіздік пен тұрақты жылу беру толық қамтамасыз етіледі.

Бөлісу