Түркістанда мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада өтіп жатыр

0
64

1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.


Түркістанда мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада өтіп жатыр

Түркістанда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған облыстық спартакиада өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістанда 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыстық спартакиада басталды. Дәстүрлі спорттық додаға 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.

Спорттық сайыстың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекеттік қызмет – бұл елге адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау. Ал мұндай ауыр да жауапты міндетті абыроймен атқару үшін денсаулықтың мықты, рухтың биік болуы аса маңызды. Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, ол – ұйымшылдықтың, табандылықтың, мақсаткерліктің мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріп келеді. Президентіміздің тікелей қолдауының арқасында елімізде дене шынықтыру мен спорт саласы қарқынды дамуда. Облыста өткен жылы 102 спорт нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Биыл тағы 20 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл – мемлекетіміздің спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Биылғы спартакиадаға қатысушылар шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, киберсплорт, баскетбол 3х3, қазақ күресі сынды спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Жарыс 19-22 мамыр күндері аралығында Түркістан төрінде орналасқан спорт кешендерінде өтуде. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздік нәтиже көрсеткен командалар кубоктармен, ал спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медальдармен марапатталады.

Айта кетсек, аталған іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ спорт түрлері бойынша Түркістан облысының құрама командасын іріктеу. Сонымен қатар жеңімпаздар шілде айында өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадаға жолдама алып, облыс намысын қорғайды.

Бөлісу