Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсімі өтті

0
109

Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.


Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсімі өтті

Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері, спортшылар, жастар және тұрғындар жиналды.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Бұл – ел бірлігі мен мемлекеттік нышандарға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Облыс әкімі арды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл күннің тарихи және рухани маңызына тоқталды.

– 4 маусым – Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдігіміз бен егемендігімізді әлемге танытатын ерекше күн. 1992 жылы дәл осы күні Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ресми түрде бекітіліп, тарихымыздың жаңа парағы жазылды. Тәуелсіз елі, Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бар біз – бақытты халықпыз! Азат еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Ел бірлігі нығайып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Көк байрағымыз – бейбітшілік пен азаттықтың белгісі, Елтаңбамыз – ел тұтастығының нышаны, ал Әнұранымыз – халқымыздың асқақ рухының көрінісі. Бүгінде Қазақстанның Көк туы халықаралық ареналарда, Олимпиада төрінде биікте желбіреп келеді. Бұл – азат елдің абыройы мен мәртебесінің айғағы Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халқымыздың рухани тұтастығының символы. Оларды құрметтеу – әр азаматтың абыройлы борышы, – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Айта кетейік, Түркістан облысында елді отансүйгіштікке шақыратын бастамалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Биыл Мақтаарал, Ордабасы және Сауран аудандарында Рәміздер алаңы пайдалануға берілді.

Бөлісу