Түркістанда «Музей түні» шарасы ерекше форматта өтті

0
1 752

Музейге келушілер хан, алып денелі батыр-бағландармен естелік суретке түсіп, 3D тур арқылы тарихи ескерткіштерге саяхат жасады.


Түркістанда «Музей түні» шарасы ерекше форматта өтті

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Музей түні» мәдени іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Музейлер шеруі» акциясы шеңберінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өткізген тарихи, рухани-танымдық шараға Ясауитанушылар мен тарихшы, ғалымдар, археологтар, зиялы қауым өкілдері мен қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, музей саласының қызметкерлері, студенттер, Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Музей түні» мәдени іс-шарасы кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, би-батырлар және игі жақсыларға құран бағыштаудан бастау алды.
Екінші рет ұйымдастырылған жиынды "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып берді.
«Музей түні» шарасы аясында Үлкен Ақсарай бөлмесінде құрылған «Түркістан – қазақ хандығының Ақ Ордасы» экспозициясының лентасы қиылса, кітапхана бөлмесінде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде жарық көрген «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Сонымен қатар, Қазандық бөлмесінде Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік теберігі – төл теңге» көрмесі ашылып, таныстырылды.
Жиынға келгендер Асхана бөлмесіндегі экспозициямен танысып, арнайы дайындалған бір тонна бауырсақ пен күлше нан және ұлттық тағамдардан дәм татты.
Қазандық бөлмесінде «Әулиелер әуезі» атты хикметшілер өнері тамашаланса, шараға келген қонақтар да көрермендер арасынан суырылып шығып Ясауи хикметтерін орындап, зор ықыласқа бөленді.
Тарихи-мәдени шарада мешіт, кітапхана, құдықхана бөлмелерінде танымдық экскурсия
жүргізілсе, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция, худжра бөлмесінде орналасқан кино зал таныстырылды.
Музейге келушілер хан, алып денелі батыр-бағландармен естелік суретке түсіп, 3D тур арқылы тарихи ескерткіштерге саяхат жасады.
«Түнгі музей» шарасы түнгі 03:00-ге дейін жалғасты.