Конференция барысында «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасын тағайындады.
«Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XL конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Басқосуға қала әкімі Рашид Аюпов, мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, партия мүшелері, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы бірінші мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов баяндама жасады.
"Түркістанда баспана кезегінде тұрған қала тұрындарын үймен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы қаламызда 61,5 мың шаршы метрді құрайтын, 1200 пәтерлі 20 үйдің құрылысы басталып, оның 11 пайдалануға берілген болса, жыл соңына дейін 9 үй тұрғындар игілігіне беріледі. Ал, келер жылы бұл көрсеткіш 2 есеге ұлғайып, 168,5 мың шаршы метрді құрайтын 2832 пәтерлі 44 үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Үстіміздегі жылы қаланың жалпы инфрақұрылымын дамыту бағытында қалаішілік жолдарды жөндеу бойынша 8 млрд 160 млн теңгеге 67 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, халықты табиғи газбен қамту бойынша 8 млрд 205 млн теңгеге 11 нысанның құрылысы, таза ауыз сумен және сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бағытында 1 млрд 64 млн теңгеге 5 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы бұл бағыттағы жұмыстардың көлемі ұлғайып, тұрғындарды табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалатын болса, жол жөндеу жұмыстары мен қаланы абаттандыру жұмыстары еселене түсетін болады", - деді Мұрат Серікбайұлы.
Екінші мәселе, «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының Төрағасын сайлау туралы. Делегаттардың бірауыздан қолдауымен филиал Төрағасы болып Рашид Абатұлы сайланды. Шаһар басшысы өз сөзінде конференцияға қатысушыларға сенім білдіргендері үшін алғыс білдіріп, жаңа форматта бірге жұмыс жасауға шақырды.
Қосымша жарыссөзге шыққан Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінің мұғалімі Гүлмира Дощанова ұстаз мәртебесі мен еңбекақы мәселесі туралы айтты. Ал, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов мектеп директорларына білікті маман таңдау арқылы білім беру жүйесінің сапасы артатындығына кеңінен тоқталды.