Биыл 40 ойын алаңшасына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай жаңартылды және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді.
Түркістанда ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымы кеңейіп, жаңғырту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында қазіргі таңда 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз жағдайда ойнауына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Биыл 40 ойын алаңшасына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай жаңартылды және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысы мен қала қажеттіліктеріне сәйкес жаңа нысандар салу жұмыстары да қарқын алған.
Осы жылы Түркістан қаласында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары негізінде Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде жаңа балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары қолданысқа берілді.
Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Әр алаңша сапа стандарттарына сай жабдықталып, аумағы абаттандырылды және көгалдандырылды. Қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым талапқа сай ұйымдастырылған.
Алдағы даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін Түркістан қаласының 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілмек.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе ақаулар байқалған жағдайда, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады.


