Түркістанда өткен кеңесте қордаланған мәселелер қаралды

0
90

Шаруалар мақта зауыттарындағы биылғы бағаны сөз етті.


Түркістанда өткен кеңесте қордаланған мәселелер қаралды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жылдар бойы қатталған өзекті мәселелердің шешімін табу үшін облыс шаруалары мен құзырлы мекеме өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесуге Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Диас Сүлейменов, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Бексұлтан Ахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов қатысты.


Шаруалар мақта зауыттарындағы биылғы бағаны сөз етті. Әр зауытта түрлі баға белгіленгенін айтып, бұл мәселені бір жүйеге түсіру керектігін жеткізді.Келесі жылы зауыттар тарапынан ұсынылатын келісімшартта мақта бағасы көрсетілсе, өздеріне тиімді шартты таңдау шаруаларға да қолайлы болатын еді деген ұсыныс айтылды.


– Бұл мәселе кеше немесе бүгін туындаған жоқ. Жылдар бойы айтылып келеді. Сіздерден өтінеріміз, зауыттар арасында алдын ала өзара сөз байласу болмай, әділ бәсекелестік орнаса, шаруалар да өз өнімін лайықты деңгейде өткізуге мүмкіндік алса. Осыған назар аударып, заңдылығын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз, – деді шаруалар өз сөзінде.


Облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов дихандардың талап-тілегін тыңдап, заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілетінін, нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.


Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі 2024-жылы өз тараптарынан жүргізілген тексеру нәтижесі барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды.


Нұрбол Тұрашбеков өкілетті орган өкілдеріне кәсіпкерлердің құқығымен қатар шаруалардың құқығы да заңмен қорғалатынын ескертіп, көтерілген мәселелердің заңдылығын саралау барысында екі тарапқа оңтайлы ортақ келісім қажеттігін алға тартты.


– Мәселе ашық айтылса, асқынбайды. Десек те, барлығы заң аясында, тәртіппен шешілуі тиіс. Осы мақсатта бүгінгі кездесуге заң өкілдерін арнайы шақырдық. Келесі жылы келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бүгінгі талқылау маңызды. «Кеңесті жерде кемдік жоқ.» Заң мен тәртіп баршамызға ортақ, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Биыл Түркістан облысында мақта өңдейтін 26 кәсіпорын 178 бекет арқылы 428 мың тонна өнім қабылдады. Мақта бағасы өнім сапасына қарай 250-270 тг аралығында сақталды.

Бөлісу