Мерекелік жиын барысында қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізген және патриоттық тәрбие ісіне үлес қосқан әскери қызметшілер арнайы марапаттарға ие болды.
ERNUR.KZ. Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «30 жыл – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты мәдени-патриоттық іс-шара өтті. Шараны Түркістан гарнизонының әскери қызметшілері мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Түркістан қаласында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелердің әскери қызметшілері, мерзімді қызметтегі сарбаздар, патриоттық тәрбие саласында белсенді еңбек етіп жүрген ардагерлер, еліміздің ертеңгі қорғаны болатын «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және жергілікті билік өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – Ата Заңымыздың ел тарихындағы маңызын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттыру болды.
Мерекелік жиын барысында қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізген және патриоттық тәрбие ісіне үлес қосқан әскери қызметшілер арнайы марапаттарға ие болды.
“ Бүгінгі өткізілген мәдени-патриоттық іс-шара, бабаларымыздан мирас болған Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды дәстүрлерді жалғастыра отырып, халқымыздың бірлігі мен әділеттіліктің асыл қазығы бола алған Ата Заңымызды дәріптеуге бағытталған. Конституция — әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаушы, елдігіміздің ең басты тірегі. Ол демократиялық құндылықтарды нығайтып, татулық пен бейбітшілікті сақтауға жол ашады “, – деп атап өтті Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев.
Салтанатты шара барысында қатысушылар назарына Конституцияның 30 жылдығына арналған бейнероликтер ұсынылып, қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен жалғасты.