Ұлдар мен қыздар 20 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өткізеді.
Түркістанда таеквондодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында таеквондодан (WT) жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан келген 700-ден астам жас таеквондошы қатысып, татами төрінде өзара мықтыны анықтауда. Ұлдар мен қыздар 20 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өткізеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстандық таеквондо федерациясының вице-президенті Айзат Қарашашев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Президентіміз айқындаған бұл стратегиялық бағыт Түркістан өңірінде нақты істермен, жүйелі жобалармен жүзеге асуда. Қазіргі таңда өңірде 500-ге жуық спорт ұйымы тұрақты жұмыс атқарып, онда 63 спорт түрі бойынша 90 мыңға жуық спортшы кәсіби түрде жүйелі түрде жаттығуда. Бұл – бұқаралық спортпен қатар кәсіби спорттыңда кең ауқымда дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Таеквондо – облысымыздағы басым бағыттағы спорт түрлерінің бірі. Облыстық 18 спорт мекемесінде 1000-нан астам спортшы таеквондомен тұрақты түрде шұғылдануда. Бұл чемпионат – жастарымыздың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойында тәртіп пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады. Қазақ елінің чемпиондары мен батыр ұландары көбейе берсін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Спортшылар арасындағы достықты нығайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарыс барысында Қазақстан таеквондо федерациясының атынан Жастар Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақылар табысталды. Сонымен қатар елімізде таеквондоны дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар азаматтарға алғыс хаттар тапсырылды.
Айта кетейік, ел чемпионатында Түркістан облысының 71 спортшысы өңір намысын қорғауда. Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша сәуір айында Ташкент қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады. Рухани шаһардағы біріншілік 5-8 ақпан күндері аралығында өтеді.
Жалпы өткен жылы Түркістан облысының спортшылары әлемдік додаларда, Әлем және Азия чемпионаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, барлығы 1 668 медальға ие болды. Сонымен қатар өңірде халықты дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысуға тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы спортпен жүйелі түрде айналысатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, облыс халқының 42,8 пайызын құрады.
Спорт инфрақұрылымын дамыту – басты назарда. 2025 жылы 63,6 млрд теңгеге 102 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Ал биыл 11 млрд теңгеге 20 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл нысандар ауыл мен қала тұрғындарына бірдей қолжетімді болмақ.


